Израиль билігі мен палестиналық ХАМАС ұйымы арасында 12 сағаттық уақытша бітім жасалды. Ол 26 шілде күні таңертеңнен кешке дейін созылады.
Израиль мен ХАМАС арасындағы қарулы қақтығыстың басталғанына бүгін 19 күн болды, екі жақтың шабуылдарынан жүздеген адам қаза тапты.
Израиль мен Газа секторындағы палестиналық қарулы топтардан БҰҰ "гуманитарлық үзіліс" жасауды сұраған еді. БҰҰ осы үзілісті ары қарай жалғастыруға шақырып отыр.
Израиль әскерилері "атысты тоқтатқанымен, содырлар жасырынған туннельдерді тексере беретіндерін" мәлімдеді.
Газа секторын бақылап отырған ХАМАС ұйымының өкілі "палестиналық топтардың қысқа бітімді бұзбайтындарын" хабарлады.
25 шілде күні Израиль қауіпсіздік кабинеті АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керридің "бір апталық бітім" ұсынысын қабылдамай тастаған еді. Израиль қоғамдық телеарнасы "Керри жоспарының қабылданбай қалғанын, бірақ министрлер оны әлі де талқылайтынын" хабарлады.