Донецкіде жағдай шиеленісе түскені хабарланды

Қираған автобус аялдамасында тұрған жергілікті тұрғын. Донецк, 25 шілде 2014 жыл.

Донецкіде ұрыстар әуежай маңынан қалаға қарай ығысып, бірнеше тұрғын үй бүлінген деп хабарлайды жергілікті кеңеске сілтеме жасаған УНИАН сайты. Бейбіт тұрғындар арасында қаза болғандар туралы ақпарат түспеген. Қалалық кеңес ұрыс жүріп жатқан аудан тұрғындарынан аса қажетілік боламаса көшеге шықпауларын сұраған.

Бұған дейін, 26 шілде күні Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің өкілі Андрей Лысенко украиналық әскерилер Донецкіге барар жолға тосқауыл қойып жатқанын, бірақ қалаға артиллерия мен авиациядан соққы берілмегенін мәлімдеген.

Hromadske TV таратқан ақпаратта үкімет әскері Донецк облысындағы Дебальцево кентіне Светлодарск жағынан еніп, елдімекенді сепаратистерден босатып жатқаны айтылады.

Сол күні «Донбасс» батальоны командирі Семен Семенченко Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында Луганск облысындағы Первомайск елдімекеніне украиналық әскерилер шабуылдап жатқаны жайлы жазды. Оның айтуынша, бұл ауданда мыңнан аса сепаратист шоғырланған.