Франция Ирактағы христиандарды қабылдауға дайын

Ирактың Күрдістан автономиялық ауданының астанасы Ирбилде құдайға мінәжат етіп тұрған христиандар. Шілде 2014 жыл.

Франция исламшыл содырлар басып алған Ирактың солтүстік аймақтарындағы христиандарды қабылдауға дайын екендігін мәлімдеді. Исламшыл радикалдар бұл аймақтарда "ислам мемлекеті" орнағанын жариялап, ондағы христиандарға мәжбүрлі түрде исламды қабылдау, я қосымша салық төлеу немесе қырғынға ұшырау қаупі төнген.

Франция сыртқы істер министрлігі мен ішкі істер министрлігінің 28 шілде күні бірлесіп таратқан мәлімдемесінде "Егер қаласа, біз оларды қабылдауға дайынбыз" делінген.

Франция үкіметі Ирактың Күрдістан автономиялы ауданында "Ислам мемлекеті" тобынан қауптеніп, тұрғылықты жерін тастап кеткендерге бұрыннан көмек көрсетіп келеді.

"Ислам мемлекеті" ұйымы өткен айда Ирактың біраз бөлігін, оның ішінде үлкендігі жағынан елдегі екінші қала - Мосулды басып алған соң жүздеген христиан отбасылары қаланы тастап кетуге мәжбүр болған.