Украина бір топ сарбазының Ресейге өткенін растады

Украин әскерилері сепаратистермен ұрыста. Луганск облысы, Украина, 3 тамыз 2014 жыл.

Украина билігі 72-моторлы бригада сарбаздарының Ресей территориясына өтіп кеткенін растады. Украинаның шығысындағы арнайы операция өкілі Алексей Дмитрашковскийдің айтуынша, ресейшіл сепаратистермен ұрыс кезінде бригада сарбаздарының оқ-дәрісі таусылып, шегінуге мәжбүр болған. Ресей территориясына нақты қанша сарбаздың өтіп кеткені қазір анықталып жатыр.

Бұған дейін Ресей федералдық қауіпсіздік қызметінің шекара басқармасы украиналық 400-ден аса сарбаздың Ресей жағына өтіп кетіп, пана сұрағанын хабарлаған.

Шекара басқармасының Ростов облыстық бөлімінің баспасөз хатшысы Василий Малаевтың айтуынша, сарбаздар украин жағына тапсырылу үшін "Матвеев қорғаны" өткізу бекетіне жөнелтілмек.