Денсаулық

Your browser doesn’t support HTML5

Мамандардың айтуынша, медицина саласындағы жемқорлық мәселесі күннен күнге ушығып бара жатыр. Социологтар мен политологтар ассоциациясы, Transparency International қоғамдық қоры соңғы үш жылда жүргізген әлеуметтік зерттеулер нәтижесі Денсаулық сақтау министрлігі республиканың ең жемқор мемлекеттік органдарының қатарында тұрғанын көрсетті. Мәселен, 2010 жылғы жемқорлық деңгейін анықтауға арналған зерттеулер нәтижесінде қызмет көрсету нарығының түрлі сегменттері бойынша халықтың ойынша ең жемқор мемлекеттік органдардың ішінде денсаулық сақтау саласы екінші орынға ие, ал мамандардың пікірінше, ол бірінші орынға табан тіреген. «Аяғым ауыр болғандықтан тіркеуге тұру үшін ауруханаға бардым. Алдын алы 15 мың теңгеге келіскенбіз, кейін тіркеу қағазым болмағандықтан 20 000 теңге бердім. Дәрігер пара туралы ашық айтты», - дейді Алматы қаласының тұрғыны, екі баланың анасы Ақмарал Бойбосынқызы. « Қатты ауырып, жедел жәрдем шақырдық. Олар өтімде тас бар екенін айтып, жоспарлы операция мерзімін белгіледі. Ол уақытылы өтті. Өтімді алып тастады. Жарты жылдан кейін қайтадан қатты ауырып тағы да жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізді. Сонда өт тасымен бірге орнында тұрғаны анықталды. Алдыңғы операция жасаған хирургқа барып едік, ол қандай да бір жауап беруден бас тартты. Барлығын дұрыс жасағанын айтты. мен осы оқиғаны журналистерге айттым. Мақала жарық көрді. Сол хирург менің және газеттің үстінен сотқа шағым түсірді. Ол сотты жеңіп шықты. Мен және газет те айыппұл төлеу керек деген шешім шығарды. Дәрігер 500 мың теңге сұраған, ал сот 50 мың теңгемен шектелді. Бұл үлкен сома емес, бірақ біз операция үшін көп бердік. 60 мың теңгені дәрігерге операция жасағаны үшін рахмет ретінде берген едік», - деді Алматы қаласының тұрғыны Дмитрий Данилов. «Преодоление» қоғамдық ұйымының директоры Виктор Хан Дмитрий Даниловтың оқиғасы қылмыстық іс ретінде қарастырылуы керек дейді. «Кезінде бір дәрігер маған «Жақсы емде, сонда сен ешқашан кедей болмайсың» деген еді. 4 қалалық ауруханада мен бір науқастың баласымен таныстым. Одан хирург маман мерседес көлігін талап еткен екен. ол әуреленіп ақша таппай жүргенде оның әкесі қайтыс болды. Тағы бір оқиғаның куәсі болдым. Науқастың қызына дәрігер «Ақысыз операция жасаған кезде қолым қалтырайды» деп айтты», - деді ол. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Бауыржан Байсеркин медицина қызметкерлері арасындағы пара алу фактілері бар екенін мойындады. Ол осы ретте министрлік бірқатар шешімдер қабылдап отыр дейді: «Иә, мұндай оқиғалар тіркелуде. Біз мұнымен қатал түрде күресеміз. Расында дәрігерлер жалақысы аз. Медицина қызметкерлерінің жалақысын нәтиже бойынша бағалау жүйесі осының шешімі ретінде қабылдау керек деп ойлаймын. Дәрігерлер жұмысының нәтижелілігін бағалаумен айналысамыз», - деді Бауыржан Байсеркин.