Айтыс Азаттықта
Your browser doesn’t support HTML5
Ақпанның 12-сі күні Алматыда Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен мен жасөспірімдер театрында «Жүрсіннің жүйріктері» атты айтыс өтті. Бұл айтыста төртінші жұп болып сөз қағыстырғандар - Жандарбек Бұлғақов пен Сара Тоқтамысова.
Қос ақынның жыр сайысы жеңге мен қайын арасындағы әзіл-қалжыңға құрылды. Сөз тізгінін бірден қолына алған Жандарбек Бұлғақов айтыстың араға екі жыл салып барып қайта оралғанын айта келе, Қысқы Азия ойындарын да ұмыт қалдырмады.
- Ерлеріміз орындап ел арманын,
Спорттан айшықталды төр алғаның.
Жарты әлемге жар салып Қазақстан,
Азиада өткізіп, дем алмадың.
«Біткен іске - сыншы көп» демеңіздер,
Дұрыс қой ақиқатқа жол алғаным.
Крутойдың әндері шарықтады,
Қақ төрінде еңселі елорданың.
Өйтіп-бүйтіп алдық-ау бірінші орын,
Білмейміз, қай сайыста не болғанын.
Орыстарды бәйгеге қосып қойып,
Бер жағында отырдық теларнаның.
Ал, қазақтар, ендеше құтты болсын,
Орыстар алып берген медальдарың, - деп жырлады Жандарбек.
Ал Сара Тоқтамысова айтыс ауанын Жандарбектің жеке басына аударып жіберді.
- Бес жыл бұрын Жандарбек,
Шынымен рас кім едің.
Мен - жиырмадағы бойдақ қыз,
Сен - мектептегі ұл едің.
Айтақын әкең қасыңда,
Көк тақияң басыңда.
Аузы-басың ашылып,
Аңқиып, қарап жүр едің.
Екі бұтың талтайып,
Екі құлағың қалқайып,
Бір түрлі еді ғой реңің.
Шатағың жоқ ешкімде,
Тап-таза еді жүрегің... - деп жырға қосты.
Он бір адамнан құралған қазылар алқасы екі ақынға да бірыңғай он ұпайдан берді.