Руханият
Your browser doesn’t support HTML5
«Our Нeritage» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Шебер» байқауы жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Байқаудың негізгі мақсаты - қолөнер кәсібін дамыту, дарынды шеберлерді іздестіру және қолдау. Аталмыш жобаға Мәдениет министрлігі мен ЮНЕСКО да қолдау көрсетеді. 2012 жылы байқау төртінші рет өткізіледі. 2011 жылғы жеңімпаздардың бірі - Амангелді Мұқажанов. Ол «Мұрагер» номинациясында жеңіске жеткен. Амангелді Мұқажанов бала кезден өнерге жақын болып өскен екен.
2006 жылдан бері «Қолөнер мен дәстүрлі кәсіпті қайта жаңғырту» бағдарламасы жұмыс істеп келеді. Аталған бағдарлама ішкі және сырты нарықта қазақстандық қолөнер шеберлері бұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы ұлттың мәдени мұрасын сақтап қалуды әрі дамытуды мақсат еткен болатын. Амангелді Мұқажанов өз өнімдерін көбінесе көрмелерде сатады екен.
Қолөнершілердің 4-ші байқауына өнімдерді қабылдау мерзімі 20 ақпанда аяқталады. Одан кейін жұмыстар 7 аталым бойынша қазылар алқасының сарабына түседі. Конкурстық жұмыстарды өнертанушылардан, суретшілерден, ЮНЕСКО өкілдерінен құралған сараптау комиссиясы бағалайтын болады. Жеңімпаздар мамыр айында фестиваль ретінде өтетін шара барысында марапатталады.
«Шебер 2011» байқауының «Жоғары сапа» номинациясының жеңімпазы Тимур Ермұхаметов қолөнерге деген қызығушылықты ұстазы оятқанын айтты. Оның отбасында ешкім қолөнермен айналыспайды екен. Қазіргі уақытта қолөнер дамып келе жатыр дейді ол. Оның пікірінше, бұл жолда түрлі байқаулардың маңызы зор.
Тимур Ермұхаметов Қазақстанды өзге елдерге таныстыратын бір ерекшелік қолөнер, алайда мемлекет бұл салаға көп көңіл бөлмей отыр деп санайды.
Қолөнер шеберлерінің ынталы тобы ұлттық өнер иелерінің басын біріктіретін және ұлттық өнерді жаңа деңгейге жеткізетін Қазақстан қолөнершілерінің одағын құру туралы шешім қабылдады. «Our Heritage» қоғамдық қорының президенті Айжан Бекқұлова одақтың құрылуы дер шағында қабылданған маңызды қадам деп есептейді.