Түркияда президент сайлауы өтіп жатыр

Стамбулдағы Түркия туы ілінген жерден өтіп бара жатқан адамдар. (Көрнекі сурет)

Бүгін Түркия азаматтары ел тарихында алғаш рет төте дауыс беру жолымен өтетін бүкілхалықтық президент сайлауына қатысып, өз таңдауын жасайды. Бұған дейін Түркия президентін парламент депутаттары сайлайтын және президент негізінен ресми сипаттағы міндеттер атқарумен шектелетін.

Бұл сайлауға үш үміткер – елдің қазіргі премьер министрі, биліктегі «Әділет және даму» партиясының басшысы Режеп Тайып Ердоған, оппозициядан бірегей кандидат Экмеледдин Ихсаноглу және күрдтердің қолдауына сүйенген Халықтық демократиялық партия жетекшісі Селахаттин Демирташ қатысып жатыр. Сайлау алдында жүргізілген әлеуметтік сауаланамаға қатысқандардың 55 пайыздан астамы президенттікке Ердоғанды лайықты көрсе, 35 пайызға жуығы оның негізгі бәсекелесі Ихсаноглуды жақтаған.

Сарапшылар егер сайлауда Ердоған жеңсе, Түркиядағы саяси биліктің сипаты өзгеруі мүмкін деген болжам айтады.

Егер кандидаттардың ешқайысысы дауыс беруге қатысқан азаматтардың 50 пайыздан астамының қолдауына ие бола алмаса, онда 24 тамыз күні сайлаудың екінші кезеңі өткізіледі. Түркияда дауыс беру құқығына ие 53 миллионнан аса сайлаушының шамамен 2,8 миллионға жуығы шетелдерде – көпшілігі Еуропа мемлекеттерінде тұрады. Шетелдегі түрік сайлаушылары тамыздың 3-іне дейін алын ала дауыс берді.