Астанада биылғы жаңа оқу жылынан бастап Есілдің сол жағалауында үш жаңа мектеп ашылады деп хабарлады қала әкімінің орынбасары Аида Балаева Facebook әлеуметтік желісі арқылы.
Балаеваның ақпаратына қарағанда, жаңа 73-физика-техникалық мектеп Бейбітшілік және келісім сарайы маңындағы Шәмші Қалдаяқов көшесінде, 74-мектеп-гимназия - Сарайшық көшесінде және 75-мектеп гимназия - "Мәңгілік ел" салтанат қақпасы ауданындағы Еңбекшілер көшесінде салынған. Бұл мектептердің әрқайсысында 1200 бала оқиды деп жоспарланған.
Әкім орынбасарының дерегінше, Сарайшық көшесінде ашылған мектеп Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы 52, 53 және 57-мектептегі орын тапшылығы проблемасын шешеді. Ал 75-мектеп-гимназия "Есіл", "Каспий палас", "Қыз Жiбек", "Саранда", "Арман қала", "ЭКСПО-таун", "Әсемтас", "Олимп палас", "Керуен", "Лазурный квартал" тұрғын-үй кешендерi орналасқан аудандағы 59-мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.