Жамбыл облыстық ішкі істер департаменті (ІІД) баспасөз қызметі жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова 20 тамыз күні Таразда ұсталған журналист - IWPR (соғыс және бейбітшілік институты - ред.) тілшісі Ғазиза Байтуованың босатылғанын хабарлап, сол жағдайға қатысты Азаттыққа түсініктеме берді.
- Ол кісі ( Ғазиза Байтуова - ред.) «Жеңіс» паркінде қоғамдық тәртіпті бұзған. Сол жерде серуендеп жүрген адамдардың шақыртуымен ішкі істер департаментінің қызметкерлері барып, ол кісіге өздерін таныстырған. Полиция қызметкерлері құжаттарын сұраған сәттен бастап Байтуова айқайлап, дөрекілік көрсетіп, жат қылықтар істеген, - дейді Жамбыл облыстық ІІД өкілі.
Оның айтуынша, "жеке және қызметтік куәлігі болмаған Байтуованың полицейлерге көрсеткен барлық жат қылықтары видео-регистраторға түсірілген".
- Құжатсыз болғандықтан ол кісіні ішкі істер бөліміне алып кеткен. Онда хаттама толтырылғаннан кейін Байтуованы [20 тамыз күні] кешкі 20.00-де босатқан, - деді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз қызметі жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлова.
Журналист Ғазиза Байтуованың "қазір үйінде екенін, жағдайы жақсы екенін" IWPR-дің қазақстандық өкілі Александра Казакова да растады.
- Кеше оны ұстаған соң, есірткі қолданбағаны, ішімдік ішпегені анықталғаннан кейін босатқан. Біз әріптестермен бұл мәселені талқыладық. Әзірге бәрі дұрыс, Ғазиза әрі қарай жұмысын істей береді, - деді Александра Казакова.
IWPR тілшісі Ғазиза Байтуова өзін Тараз полициясы ұстап әкеткенін 20 тамызда Азаттыққа хабарлаған еді. Ол «дөрекілік танытқан полицейлер шашынан тартып, ұрып, көлікке күштеп мінгізгенін, еркінен тыс ұстап әкеткенін» айтқан.
Қазақстандық "Журналистер қауіп-қатерде" құқық қорғау ұйымы әлеуметтік желіде азаматтық қоғам өкілдерін журналист Ғазиза Байтуованы босатуға кірісуге шақырған болатын.