Түркия премьерлігіне Ахмет Давутоглу ұсынылды

Түркияның қазіргі сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу.

Түркияда билік басыдағы "Әділет және даму партиясы" мүшелері қазіргі сыртқы істер министрі Ахмет Давутоглу елдің жаңа премьер-министрі және партияның жаңа жетекшісі болуға лайықты тұлға деген ұйғарымға келді. Бұл туралы партияның қазіргі жетекшісі Режеп Тайып Ердоған Анкарада өткен партия жиынынан соң мәлімдеді. Ердоған 28 тамыз күні президенттік қызметіне кірісіп, партиядағы жетекшілік қызметін өткізеді.

Давутоглудың кандидатурасы 27 тамыз күні партияның кезектен тыс конгресінде мақұлдануы тиіс. Ал 28 тамызда ол ресми түрде премьер-министр қызметіне кіріседі.

2009 жылдан бері Түркия сыртқы істер министрі қызметін атқарып келген Давутоглудың премьерліктегі өкілеттігі Ердоғаннан аз болмақ. 10 тамыз күні ел тарихында алғаш рет төте дауыс беру жолымен Түркия президенті болып сайланған Ердоған атқарушы биліктің бірқатар міндеттері енді президентке беріліп, өкілеті кеңейтетінін мәлімдеген.

Сарапшылар Ердоған 2015 жылы өтетін парламент сайлауы қарсаңында президент ретінде "Әділет және даму партиясына" үлкен ықпал етпек деп болжайды.