Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Минскіде Украинаның шығысындағы дағдарысты реттеу жөніндегі кездесулерде Украина мәселесіне қатысты бірнеше ұсыныс білдірді деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Назарбаев Украинадағы дағдарыс "бір ел ауқымынан әлдеқашан асып, қатерлі шекке жеткенін", оны шешуде көп нәрсе Украинаның, Ресей мен Еуропа Одағының ұстанымына байланысты екенін айтқан. Ол бұған қоса Кеден одағы, ТМД елдері мен халықаралық ұйымдарды Украинаның шығысындағы гуманитарлық апатты ахуалды кідіріссіз шешуге шақырған.
"Біздің еліміз өз тарапынан, соның ішінде Қызыл крест және жарты ай қоғамының қазақстандық бөлімшесінің желісі бойынша қолдан келетін барлық көмекті көрсетуге әзір" деген Қазақстан президенті.
Назарбаев кездесуде Украина мен ЕО арасындағы қауымдастық туралы келісімшартты талқылау ниетін Қазақстанның құптайтынын да мәлімдеген.
"Бұл құжат көршілердің, соның ішінде Кеден Одағының мүдделерін барынша ескергені маңызды. Осы орайда біз ашық диалогты құптаймыз және пікір алмасуға дайынбыз" деген ол.
Нұрсұлтан Назарбаев Украинаға қатысты жоғары деңгейдегі келіссөздерді жалғастыра беру қажетін айтып, Қазақстан келіссөздердің келесі кезеңін өткізуге дайын екенін білдірген.
Минскідегі келіссөздерге Ресей президенті Владимир Путин, Украина президенті Петр Порошенко, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштон, энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Эттингер, сауда мәселелері жөніндегі комиссары Карел Де Гюхт қатысқан.