Нұрсұлтан Назарбаев Абдулла Гүлмен кездесті

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) Түркия президенті Абдулла Гүл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Анкарада Түркияның қызметінен кетіп бара жатқан президенті Абдулла Гүлмен кездесті деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында президенттер соңғы жылдардағы қазақ-түрік қарым-қатынасының негізгі кезеңдерін талқылап, оны бұдан ары дамыту үшін әлеуеттің жеткілікті екенін айтқан.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түркия қарым-қатынастарын нығайтуға бағытталған қызметі үшін Абдулла Гүлге алғысын білдірген.

Қазақстан президенті Түркияға сәрсенбіде барған. Бүгін, 28 тамыз күні ол осы елдің жақында жаңадан сайланған президенті Режеп Тайып Ердоғанның инаугурациясына қатысып, салтанатты рәсімге барған бірқатар мемлекеттердің басшыларымен кездеспек.