Интернетте "Ислам мемлекеті" ("Ирак және Шам ислам мемлекеті") ұйымы содырларының тағы бір тұтқынға алынған адамның басын алғаны туралы видео жарияланды. Болжам бойынша, өлтірілген адам - америкалық журналист Стивен Сотлофф. Ақ үй әзірге видеоның шын-өтірігін растай алған жоқ.
Бейнежазбаның шын екені расталса, 31 жастағы Сотлофф басы алынған америкалық екінші журналист болуы мүмкін. 20 тамыз күні содырлардың тұтқынға алынған тағы бір журналист Джеймс Фоулидің басын алғаны түсірілген видео тараған. Онда пышақпен қаруланған содырлар Вашингтонды "егер АҚШ "Ислам мемлекеті" ұйымына қарсы әуе шабуылдарын тоқтатпаса келесі құрбан Сотлофф болуы мүмкін екенін" айтып, доқ көрсеткен еді.
Стивен Сотлофф "Time", "The National Interest", "Foreign Policy" басылымдарына жұмыс істеген. Оны 2013 жылы Сирияда ұрлап әкеткен. Өткен аптада журналистің анасы содырларды баласын босатуға шақырған үндеу жасаған еді.