Украинаға Ресейдің "гуманитарлық көмегі" кірді

Ресей "гуманитарлық көмегін" апара жатқан жүк көлігін Донецк маңындағы шекара бекетінде тексеріп жатыр. 11 қыркүйек 2014 жыл.

Ресейлік БАҚ-тың ақпараты бойынша, Украинаның шығысындағы сепаратистер шоғырланған аймаққа 70 көлікпен Ресейдің жәрдемі жеткізілген. Бұл - "гуманитарлық көмектің" алғашқы бөлігі.

Ресейлік ИТАР-ТАСС агенттігінің хабарына қарағанда, бұл "көмек" 13 қыркүйек күні Украинаның Изварино шекара пунктінен өткен. Конвой Луганскіге аттанған.

ИТАР-ТАСС халықаралық Қызыл крест ұйымының өкілі Анастасия Исюктің де сөзін келтірген. Оның айтуынша, "Конвой жайлы Қызыл крест ұйымы білмейді. Ресей мен Украина арасындағы мұндай келісім туралы да ұйымның мәліметі жоқ. Сондықтан, бірде-бір қызметкер оны қабылдап алуға бармаған".

Агенттік ақпаратына қарағанда, конвойдың екінші легі Украинаның шығыс аймағына жақын арада жеткізілмек.

"Россия 24" телеарнасы "көмектің 300 жүк көлігінен тұратынын, олардың 13 қыркүйек күні шекараға жеткенін" хабарлады.

Ресейдің төтенше жағдайлар министрінің орынбасары Владимир Степанов "конвой 2 мың тонна жүк: азық-түлік, су тазалайтын жабдықтар, электр генераторларын және басқа товарлар мен материалдар апара жатқанын" мәлімдеген.

Украинаның УНИАН ақпарат агенттігі "шекараға жүк көліктерінің бірінші легі жеткенін" айтады. Бірақ агенттік ақпараттарында конвойдың шекарадан өткені туралы дерек жоқ.

Өткен айда да Украинаға Ресейдің осындай "гуманитарлық көмегі" кіргізілген еді. Конвойдың шекарадан өтуіне рұқсат бермеген Украина билігі оны "тікелей басып кіру" деп атаған.

Батыс елдері Украинаның позициясын қолдайды. Еуропа саясаткерлері Украина территориясына рұқсатсыз кірген Ресей конвойының әрекетін "Украинаның егемендігін бұзу" деп бағалады.

Ресей өзінің конвой кіргізу әрекетін "Украинаның шығыс аймақтарындағы халыққа берілген гуманитарлық көмек" деп атайды. Бұл аймақта Украина армиясымен соғысқан қарулы сепаратистер шоғырланған.

Бұл облыстарда электр қуаты берілмей қалғаны, негізгі тауарлардың жетіспейтіні, ауызсудың қат екені де хабарланған.