Батыс Украинада әскери жаттығулар басталды

Rapid Trident 2014 жаттығуларына қатысушылар. Львов облысы, Украина, 15 қыркүйек 2014 жыл.

Украинаның Львов облысында «Ұтқыр үштаған 2104» (Rapid Trident 2014) халықаралық тактикалық жаттығулар басталды. 26 қыркүйекке дейін жалғасатын жаттығуларға АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Канада сияқты әлемнің 15 елінен барлығы 1300 әскери мен 140-тан аса техника қатысады деп хабарланды.

Жаттығуларға Украина жағынан басшылық жасайтын полковник Александр Сивактың айтуынша, әуелде шілде айында басталады деп жоспарланған бұл жаттығулар елдің шығысында террорға қарсы операциялардың басталып кетуі себепті қыркүйекке шегерілген. Алғашқы аптада бітімгершілік күштері тактикалық дайындықтан сабақтар өтеді. Одан соң тосқауыл бекеттерін күзету, колонналарды алып жүру, жарылғыш заттарды залалсыздандыру сияқты даладағы жаттығулар басталмақ.

Өткен аптада сәрсенбіде Қара теңізде Украина және АҚШ әскери кемелерінің қатысуымен Sea Breeze 2014 жаттығулары аяқталған болатын. Мәскеу Ресей шекарасында НАТО күштерінің шоғырланғанына байланысты алаңдаушылық білдірді. Ресей сыртқы істер министрлігі мұндай жаттығулар Украинада жақында ғана белгіленген бейбіт процеске қатер төндіреді деп мәлімдеді.