Апта бейнелері: 15 - 19 қыркүйек

15 қыркүйек күні Павлодар колониясындағы сотталушылардың туыстары түрмеге ішкі әскер енгізіліп, сотталушыларға қысым көрсете бастағанын хабарлады. Колония алдында сотталушылармен кездестіруді талап еткен ондаған адам бірнеше күн жиналып тұрды. Павлодар облысы прокуратурасы "АП-162/4 колониясында жазасын өтеушілерді ешкімнің ұрмағанын, заң бұзушылықтар болмағанын" айтты.  

15 қыркүйек күні Алина Кабаеваның өз депуттатық өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы өтініш бергені белгілі болды. Көркем гимнастикадан 2004 жылғы олимпиада чемпионы, биліктегі «Единая Россия» партиясынан Ресей мемлекеттік думасына сайланған Алина Кабаеваның «Национальная Медиа Группа» холдингі директорлар кеңесін басқаратыны 16 қыркүйек хабарланды

Осы апта Украинаның Львов облысында «Ұтқыр үштаған 2104» (Rapid Trident 2014) халықаралық тактикалық жаттығулар басталды. 26 қыркүйекке дейін жалғасатын жаттығуларға АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Канада сияқты әлемнің 15 елінен барлығы 1300 әскери мен 140-тан аса техника қатысады деп хабарланды. 

15 қыркүйек күні Алматыдағы Ахмет Байтұрсынов пен Қарасай батыр көшелерінің қиылысындағы Никольский базары аумағында өрт шықты. Жалын «Алатау» кафесінің шатырын, соған жапсарлас тұрған тұрмыстық зат-бұйымдар сататын сауда орындарын да шарпыған. Алматы әкімдігі базарларда өрт қауіпсіздігі ережелері сақталмайтынын, санитарлық нормалардың жиі бұзылатынын ескертіп келеді.    

15 қыркүйек Алматыда IX Халықаралық «Еуразия» кинофестивалінің ашылды. Салтанатты шара кезінде Республика сарайы алдына төселген қызыл кілеммен кино жұлдыздары жүріп өтті. Бұл жолғы кинофестиваль Қазақстан театр және киносының көрнекті қайраткері Шәкен Аймановтың 100 жылдығымен сәйкес келді. Биылғы шараның ерекшелігі, жыл сайын келетін Қырғыстан, Өзбекстан, Тәжікстан немесе Әзербайжан елдерінің бірде бір фильмі байқау бағдарламасына енбеген

16 қыркүйек Ресейдегі «Система» акционерлік қаржы корпорациясы (АҚК) директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Евтушенков «акция ұрлау және заңсыз ақшаның ізін жасыру қылмысына қатысы бар» деген күдікпен үйқамаққа алынды. «Форбс» журналының бағалауы бойынша, дәулеті 9 миллиард долларға бағаланатын Владимир Евтушенков Ресейдің ең бай адамдарының тізімінде 15-орында тұр.

16 қыркүйек күні Симферопольдегі Қырым татарлары Меджлисі кеңсесін полиция тінтті. «Крым.Реалии» порталы тінту жүргізуге келгендер ғимарат ішінен Ресейде тыйым салынған діни әдебиетті іздегенін, кейбір құжаттарды алып жатқанын хабарлады. Сол күні Меджлис үйін қарулы адамдар қоршап тұрды. Ресей билігі Меджлис мүшелерінен ғимаратты бір тәулік ішінде босатуды талап еткен. Ғимарат "Қырым" қайырымдылық қорына тиесілі. Қор оны Қырым татарлары Меджлисіне пайдалануға берген. 

16 қыркүйек күні Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың кезінде ықпалды саясаткер болған қызы Гүлнараның "үйқамақтағы" суреттері бірінші рет БАҚ-та жарияланды. Бұл суреттерді қыркүйектің 16-сы күні Гүлнараның Ұлыбританияда тұратын өкілі Райан Локсли таратып, Каримова мен оның қызына шұғыл медициналық күтім керек екенін мәлімдеді.  

17 қыркүйек күні Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайында ресейлік танымал суретші Никас Сафроновтың көрмесі ашылды. Азаттыққа сұхбат берген Сафронов «Қазақстанда жеке портретін салдыру мен картиналар сатып алуға әзір бай адамдар бар» екенін, бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың портретін салғанын, тағы салуға қарсы емес екенін айтты.  

Қыркүйектің 18-і күні Украина президенті Петр Порошенко АҚШ Конгресі палаталарының біріккен отырысында сөйледі. Ол АҚШ-ты "Ресей басқыншылығы алдында Украинаны жалғыз қалдырмауға" шақырды. Порошенко "Этникалық орыстарды және орыс тілділерді қорғау құқығын жариялау Украинада соғыс өртін тұтатуға жеткілікті болды. Олар (этникалық орыстар мен орыс тілділерді айтады - ред.) қазір Молдовада, Қазақстанда, Грузияда, Балтық елдерінде, Польшада, Болгарияда, тіпті әжептәуір бөлігі Германияда тұрады. Келесі кезекте қай ел тұр?" деп мәлімдеді. 

Шотландия сайлаушылары 18 қыркүйек күні өткен референдумда елдің Ұлыбритания Біріккен Корольдігінен бөлінбеуін қолдады. Дауыс санау нәтижесі бойынша, Шотландияның Корольдік құрамында қала беруіне дауыс бергендер саны сайлаушылардың 50 пайызынан асып кеткен. Референдумға дауыс беру құқығы бар Шотландия азаматтарының 85 пайызы қатысты.    

17 қыркүйек күні Алматыда кафеде газ баллоны жарылды. «Керемет» кафесінде болған жарылыс салдарынан 18 адам зардап шеккен. Олардың арасында кафе қызметкерлері, дәмханаға ауқаттануға келгендер мен оқиғаға кездейсоқ тап болған адамдар бар. Зардап шеккендер Алматының 2,4,7 және облыстық ауруханаларына жеткізілген. Олардың үшеуінің жарақаты ауыр екені хабарланды.

19 қыркүйек күні Ресей қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі осы елдің шығысында «Восток-2014» аталатын стратегиялық жаттығу басталғанын, оған 100 мың әскери қызметкер қатысатынын» хабарлады. Жаттығу Сахалин аралындағы әскери сынақ алаңдарында, Камчатка және Чукотка түбектерінде, Приморьенің оңтүстік бөлігінде, Камчатка мен Приморье аудандарындағы теңіз бетінде өтеді. Өткен аптада Ресей президенті Шығыс әскери округтің дайындығын күтпеген жерден тексеруді тапсырған.