Анасы: Курамшин түрмеде аштық жариялады

Вадим Курамшин сот залында. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл.

Солтүстік Қазақстан облысындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан құқыққорғаушы Вадим Курамшиннің аштық жариялағаны туралы Азаттық тілшісіне құқыққорғаушының анасы Ольга Колтунова хабарлады. Ол Курамшинның бүгін наразылық шарасын бастайтыны туралы отбасына өткен бейсенбі күні телефонмен хабарлағанын айтты.

«Ұлым телефонмен сөйлесу құқығының бұзылмауын, ең бастысы – өзінің қылмыстық ісінің қайта қаралуын талап етеді. Ол осы жайында бұған дейін адам құқығы жөніндегі уәкілге талай мәрте шағым жазған. Бірақ ресми орыннан бірде-бір жауап келген жоқ, - дейді анасы.

Азаттық тілшісі құқыққорғаушы қамауда отырған Солтүстік Қазақстан облысы Горный кентіндегі ЕС-164/4 колониясына хабарласқанмен, телефон арқылы жауап ала алмады. Астанадағы адам құқығы жөніндегі уәкіл кеңсесінде де ешкім телефон қоңырауына жауап бермеді.

«Бопсалау» бабы бойынша 12 жылға сотталған Вадим Курамшин бұған дейін түрмедегі режимге қарсылық ретінде бірнеше мәрте аштық жариялаған еді.