Ұйым: Алматыда елдің 38 пайызында велосипед бар

Алматы көшелерінде велосипед теуіп жүрген жастар. 16 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Қазақстанның жастар ақпараттық орталығының жүргізген зерттеуі бойынша, Алматы тұрғындарының 38 пайызында велосипед бар.

«Алматы әкімі Ахметжан Есімов былтыр қала халқының тек бір пайызы ғана велосипед тебеді деп айтқан. Бірақ біз жүргізген зерттеу қорытындысы бойынша Алматыда халықтың үштен бірі қазір велосипед тебеді. Бірақ оларға қажетті жағдай жасалмаған. Алматыда тек 2,5 шақырымдық веложол бар» дейді орталық өкілі, әлеуметтік зерттеуді жүргізгендердің бірі Ирина Медникова.

Зерттеуге қатысқан 500-ге жуық тұрғынның 251-і "Веложолдар мен велотұрақтарды көбейтсе қалада велосипед тебетін едім" деп жауап берген. Ал біраз адам автокөлік жүргізушілердің мәдениетін көтеруді, кейбірі велосипедтердің бағасын арзандатуды ұсынған.

Медникованың сөзінше, қазір Алматыда 100 велотұрақ бар. Қала әкімдігі алдағы уақытта Алматыдағы Тимирязев және Байтұрсынов көшелерінің бойынан үш километрлік веложол ашуды жоспарлап отыр.