Анкара шекараны бір күнге ашқан соң Түркия аумағына Сириядан мыңдаған босқын өтті. Олардың кейібірі бұл жерде бірнеше күннен бері тұрған еді. БҰҰ-ның деректері бойынша, демалыс күндері Сирия мен Түркия шекарасынан 130 мың адам өткен. Түркия билігі Сирия жеріндегі «Ислам мемлекеті» экстремистік тобының қырғынынан қашқан босқындар легі еселене түсуі мүмкін деп санайды.
АҚШ пен одақтастарының әскери-әуе күштері 22 қыркүйекте Сирия территориясындағы «Ислам мемлекеті» радикалдық исламшыл топтың позицияларына алғаш рет соққы берді. Жойғыш және бомбалаушы ұшақтар қатысып, Tomohawk зымырандары қолданылған бұл операция таяуда АҚШ президенті Барак Обама жария еткен «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымымен күрес жоспары аясында жүзеге асырылған.
23 қыркүйекте Қытай соты ұйғыр құқыққорғаушысы, ғалым Ильхам Тохтиді сепаратизм айыбы бойынша өмірлік түрме жазасына кесті. Қытай билігінің аз ұлттарға қатысты саясатын бірнеше рет сынаған ғалым Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданындағы «мемлекеттік құрылымды бұзуға әрекет жасаған» деп айыпталды. Тохти өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Еуропалық Одақ пен АҚШ Тохтиге шығарылған үкімді айыптады.
Апта ішінде Астанада сот орындаушылары қала аумағына кірген бұрынғы саяжайда орналасқан, «мемлекетке қажет» деп танылған екі үйді бұзды. Сейсенбі күні Сәрсенгүл Әшірбаеваның үйі сүрілді, оған қарсылық танытқан үй иесі мен бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Сәрсенбі күні Бибіқадиша Бейсенованың үйін бульдозермен күреп тастады. Тұрғындар үйдің өтемақысына берілетін сомаға разы емес. Астана әкімдігі мен прокуратура жердің «мемлекет қажетіне» заңды негізде алынғанын айтады.
Қыркүйектің 23-іне қараған түні Алматы облысында Су-27 әскери ұшағы апатқа ұшырады. Оның сынықтары Көксу ауданынан табылған. 24 қыркүйекте Қазақстан қорғаныс министрлігі ұшақта болған екі ұшқыш – подполковник Ерлана Науанов пен подполковник Денис Горбуновтың сүйектері табылғанын хабарлады.
24 қыркүйекте Алматы соты Құрманғазы мен Пушкиннің «сүйісуін» бейнелейтін даулы постер шығарған компанияға айыппұл салды. Сот постер авторларын жарнама ретінде таратуға тыйым салынған тауарды (жұмыс пен қызмет) өндіру, тарату, орналастыру және қолдану бабы бойынша айыпты деп таныды. Сарапшылар постерді жарнама деп атауға келмейтінін, жарнама агенттігі суретті таратуға өздерінің қатысы жоғын айтады.
24 қыркүйекте Алжирде исламшыл топ бұған дейін ұрлап әкеткен 55 жастағы француз турисі Эрве Гурделді өлтіргені туралы видеожазба таратты. Өздерін «Халифат сарбаздарымыз» деп атаған және «Ислам мемлекеті» ұйымына адал болуға ант берген экстремистер Франция үкіметіне Иракқа әуеден соққы беруді тоқтату туралы талап қойған.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекет Ирак пен Сирияға шетелдік исламшыл содырлардың ағылуын тоқтатуды көздейтін қарардың міндетті түрде орындалуын бірауыздан мақұлдады. Жобасын АҚШ дайындаған қарар 24 қыркүйекте осы ел президенті Барак Обаманың төрағалығымен өткен отырыста қабылданды. АҚШ президенті тарихи құжат деп атаған қарар барлық елді шетелдік экстремистік топтарға қосылып, оларды қаржыландырған және жаңа мүше тартқан азаматтарын қылмыстық жауапкершілікке тартуға міндеттейді.
25 қыркүйекте Мәскеу соты күмәнді жолмен келген ақшаны заңдастырмақ болған деген күдікке ілінген «Система» акционерлік қаржы корпорациясының басшысы Владимир Евтушенковты үйқамақта қалдыру туралы шешім қабылдады. Тергеушілер Евтушенковтың компаниясы 2009 жылы «Башнефть» акцияларын көпе-көрнеу арзан бағамен сатып алған деп санайды. Евтушенков өзіне тағылған айыпты мойындамайды.
26 қыркүйекте Ресей космонавтары Александр Самокутяев пен Елена Серова және НАСА астронавты Барри Вильмордан тұратын жаңа экипаж «Союз ТМА-14» ғарыш кемесімен Байқоңырдан ғарышқа ұшты. Бірнеше сағаттан соң экипаж халықаралық ғарыш станциясына жетті. Украинадағы дағдарысқа қатысты қарама-қайшы ұстанымдағы АҚШ пен Ресейдің ғарыштық бағдарлама бойынша әріптестігі жалғастырып жатыр.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы 26 қыркүйекте жариялаған жаңа есебінде Өзбекстанда саяси себеппен жазасын өтеп жатқан тұтқындардың нешетүрлі азаптауға ұшырап, жай-күйі нашар жағдайда қамауда отырғаны айтылған. «Бұл жаңа фактілер Ташкент бұдан былай Өзбекстанда саяси тұтқындар жоқ деп айта алмайтынына дәлел бола алады» дейді халықаралық құқық қорғау ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Стив Свердлов (суретте).
26 қыркүйек күні Астанадағы Ресей елшілігі алдында наразылық акциясын өткізген «Антигептил» қозғалысының төрт өкілін полиция ұстады. Олар Байқоңырдан 28 қыркүйекке жоспарланған «Протон-М» зымыран тасығышының ұшырылуына қарсы акция өткізген.