Тәжікстан «Талибан» сапында болған екеуді соттады

Ауғанстанның Құндыз уәлаятында «Талибан» жасағында болған деген күдікпен ұсталған Тәжікстанның екі азаматы. 9 маусым 2014 жыл.

Душанбе соты Тәжікстанның Хатлон облысының тұрғындары, этникалық екі өзбек азаматын Ауғанстанда «Талибан» қатарында соғысқа қатысты деген айыппен әрқайсысын тоғыз жылға бас еркіндігінен айыруға үкім шығарған.

Душанбенің Исмойли Сомони аудандық сотының судьясы Сафар Нурализода Азаттықтың Тәжік қызметіне сотталған Умарали Тошпулотов пен Комилжон Кулбошевтің «экстремистік және террорлық топтардың қызметіне қатысқан» деп айыпталғанын айтты.

Сотталғандарды маусым айында Ауғанстанның Құндыз уәлаятында ауған полицейлері мен «Талибан» жасақтары арасындағы қақтығыстарда ауған қауіпсіздік күштері ұстап, кейін Тәжікстанға тапсырған.

Тергеушілер сотталғандардың «Талибан» қатарына қосылып, ұйымның Пәкістандағы лагерлерінде арнайы соғыс жаттығуларынан өткенін айтады.