Сирия: ИМ мен күрд жасақтары шайқасып жатыр

Кобани қаласынан босыған сириялық тұрғындар Түркия шекарасынан өте алмай тұр. 18 қыркүйек 2014 жыл.

Сирияның Түркиямен шекаралас аймағындағы Кобани қаласы маңында радикалдық «Ислам мемлекеті» ұйымының содырлары мен күрд жасақтары арасында кескілескен ұрыс жүріп жатыр.

Лондонда орналасқан Syrian Observatory for Human Rights ұйымының хабарлауынша, «Ислам мемлекетінің» содырлары Сирияның солтүстігі мен солтүстік-батысын жалғайтын жолдың бойында орналасқан қалаға жақындап келеді.

1 қазан күні АҚШ бастаған коалицияның әскери әуе күштері Кобаниді қоршауға алған «Ислам мемлекеті» содырларына қарсы әуеден бес рет соққы берген.

Қыркүйектің ортасында ұйым содырлары аймақты басып алу үшін шабуылға шыққалы бері қала маңында кескілескен шайқастар жүріп жатыр. Шабуылдардан аймақтан кетуге мәжбүр болған 150 мыңнан аса күрд тұрғындары Түркияны паналаған.

1 қазанда Syrian Observatory for Human Rights ұйымы «Ислам мемлекеті» содырлары Кобани маңында ұрыста қолға түскен, арасында үш әйел бар тоғыз күрд сарбазын қатыгездікпен өлтіргенін хабарлаған.