Цезийге қатысты автозауытқа шағым жасалды

Радиоактивті" цезий-137" салынған темір контейнердің сыртқы сұлбасы. Сурет Маңғыстау облыстық ішкі істер басқармасынан алынған. 28 тамыз 2014 жыл.

Цезий заты бар контейнердің жоғалуына қатысты контейнерді тасыған жүк көлігін жасаған зауытқа шағым жасалды. Tengrinews сайтының хабарлауынша, бұл жайында Астанада өткен брифингте энергетика министрлігінің атом энергетикасын бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Тимур Жантикин мәлімдеген.

"Цезийі бар контейнер жоғалып, транспорттық проблемаларға қоса контейнерді қарау қауіпсіздігі ережесі бұзылды. Жүк көлігі бортының контейнер тұрған едені түсіп кетіп, контейнер домалап кеткен. Бұл жағдай қаралып, көлікті жасаушы зауытқа шағым жасалды" деген Жантикин.

Тимур Жантикин радиоактивті жүктің басқа елдерде де жоғалып жататынын, бірақ Қазақстанда жоғалған цезий контейнері "тез табылғанын" айтқан.

Тамыздың 27-сі күні Бейнеу-Ақтау жолында «Казпромгеофизика» көлігімен тасымалданып келе жатқан радиоактивті «Цезий-137» заты салынған контейнердің жоғалғаны хабарланды. Цезийлі контейнердің иесі - «Казпромгеофизика» компаниясы контейнерді тапқан адамға 1 миллион 500 мың теңге сыйақы тағайындаған еді. Жоғалған цезий 6 қыркүйекте Маңғыстау облысы аумағынан табылғаны хабарланды.