Қырғыз парламенті КО құжаттарын мақұлдады

Қырғыз парламенті. (Көрнекі сурет)

Қырғызстан парламенті - Жогорку Кеңеш 8 қазан күні елдің Кеден Одағына (КО) кіру шарттарын орындау жөніндегі 16 заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады. Азаттықтың Қырғыз қызметінің хабарлауынша, депутаттар Ресей, Қазақстан және Беларусь мүше болып отырған КО-ға кірудің Қырғызстанға зиянынан пайдасы көп екенін білдіріп, заң жобаларын көпшілік дауыспен қолдаған.

Қырғызстан үкіметі бұған дейін КО-ға кіруге қатысты 38 заң жобасы мен 12 құқықтық-нормативтік құжат даярлаған.

29 мамыр күні Астанада өткен Еуразия экономикалық қауымдастығының саммитінде Қырғызстанның КО-ға кіруі жөнінде жол картасы қабылданған. Саммитте Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев өз елінің жыл соңына дейін КО-ға кіру ниеті бар екенін мәлімдеген.