Парламент сенаты бүгін пленарлық отырысында "Еуразия экономикалық одағы туралы келісімді ратификациялау туралы" заң жобасын мақұлдады.
ЕАЭО (Еуразия экономикалық одағы) Ресей, Қазақстан, Беларусь мүше болып отырған Кеден Одағы негізінде құрылған еді. Одақ құру келісіміне үш елдің басшылары биыл 29 мамыр күні Астанада қол қойған. ЕАЭО қызметіне 2015 жылы 1 қаңтар күні кіріседі деп белгіленген.
Сенаттың экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің ақпараты бойынша, ЕАЭО аясында тауар, қызмет көрсету, капитал және жұмысшы күші айналымы еркін жүреді. Одақ мүшелері осы және халықаралық келісімдер бойынша экономика саласында өзара келісілген саясат жүргізеді.
Келісімге сай ЕАЭО-да мынадай органдар – жоғарғы еуразиялық экономикалық кеңес, еуразиялық үкіметаралық кеңес, еуразиялық экономикалық комиссия және ЕАЭО соты жұмыс істейді.
Ресей мемлекеттік думасы Еуразия экономикалық одағы келісімшартын 26 қыркүйек күні ратификациялаған. Келісім жобасын қараған Ресей депутаттары оны «тарихи құжат» деп атаған.
Беларусь парламенті келісімді ратификациялау мәселесін бүгін қарайды.
Кеден Одағына қосып алу үшін постсоветтік республикаларға ықпал жасап отырған Ресей билігі «бұл құрылым Еуропа Одағы сияқты мемлекеттер бірлестігіне айналады» дейді.
Парламент палаталары мақұлдаған заң жобасы енді президенттің қол қоюына жіберілмек.