Қытайдың Шыңжаң ұйғыр автономиялық ауданында шабуылдан сегіз адам қаза тапқаны белгілі болды.
Азат Азия радиосының (Radio Free Asia) 14 қазанда хабарлауынша, 10 қазан күні Гума қаласында пышақпен қаруланған «этникалық ұйғырлар» - 25 жастағы Абдурехим Тунияз бен 26 жастағы Абликим Абдурехим екі полицей мен бір мемлекеттік мекеме қызметкерін өлтірген. Өз дереккөздеріне сілтеме жасаған радио, шабуылдаушылар бұдан ары Көктерек ауылына барып, онда тағы екі мемлекеттік мекеме қызметкері мен тағы бір полицейді өлтіргенін айтады. Бұдан соң екеуін полиция атып өлтірген.
Азат Азия радиосы бұл шабуылға аталған екі адамның туысының полиция қамауында көз жұмғаны себеп болуы мүмкін дейді.
Шыңжаңда соңғы айларда зорлық-зомбылық пен шабуыл көбейді. Шыңжаңда тұратын мұсылман ұйғырлар көп жылдан бері Қытай билігі оларды «кемсітіп, қысым жасайды» деп наразылық танытып келеді.
Аймақтағы кез-келген зорлық-зомбылықты ресми Пекин тәуелсіз Шығыс Түркістан мемлекетін құруды көздейтін «содырлар» мен «сепаратистерге» жабады.