Ақтөбеде бұрынғы түрме басшысы сотталды

Ақтөбедегі түрмелердің бірі. (Көрнекі сурет)

Ақтөбеде қылмыстық атқару жүйесі департаменті КА-168/4 мекемесінің бұрынғы басшысы Сағынғазы Қабылов «пара алу» айыбы бойынша төрт жылға сотталды деп хабарлайды «Қазақстан жаңалықтары» агенттігі.

Ақтөбе облыстық сотының ақпараты бойынша, Ақтөбе қалалық 2-соты Сағынғазы Қабылов пен КА-168/4 мекемесі бөлімінің бұрынғы басшысы Азамат Назаровты қылмыстық кодекстің 311-бабының 4-тармағы бойынша қарастырылған қылмыстық әрекетке барып, екі мың АҚШ доллары көлемінде пара алған деп тауып, екеуін де төрт жыл мерзімге бас еркіндігінен айырған. Сот оларды жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге, мүліктерін тәркілеп, екеуінің төрт жылға дейін мемлекеттік қызмет атқаруларына тыйым салуға үкім шығарған.

Сотталушылар биыл мамыр айында ұсталған.