Сикорский: Путин Украинаны бөлісуді ұсынған

Польша парламентінің спикері Радослав Сикорский.

Польша парламентінің спикері Радослав Сикорский Ресей президенті Владимир Путин 2008 жылы сол кездегі премьер-министр Дональд Тускке екі елдің Украинаны бірлесе бөліп алуын ұсынғанын мәлімдеді.

Биыл қыркүйек айына дейін Польша сыртқы істер министрі болған Сикорский 19 қазанда АҚШ-тың «Politico» басылымына берген сұхбатында Путин ұсынысты Тусктің 2008 жылы Мәскеуге сапарында жасағанын айтады.

«Путин біздің Украинаны бөліп алуға қатысқанымызды қалады. Бұл жайында ол мен сол кездегі премьер-министр Дональд Тускпен бірге Мәскеуге барғанда білдірді» деген Сикорский.

Оның айтуынша, Туск Путиннің ұсынысына жауап бермеген.

Ресей биыл наурыз айында Қырымды Украинадан тартып алған соң ресейлік саясаткер Владимир Жириновский Польша, Румыния және Венгрия үкіметтеріне Украинаны бөліп алу туралы хат жолдаған еді.