"ҚазМұнайГаз": АИ-92 мен АИ-95 еркін сатылады

"ҚазМұнайГаздың" жанар май құю бекеті. Ақтау, 20 тамыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"ҚазМұнайГаз" жанармай құю станциялары 20 қазаннан бастап АИ-92 және АИ-95 маркалы бензин мен дизель отынын бөлшек саудада шектеусіз сата бастады. Бұл туралы бүгін "ҚазМұнайГаз" - қайта өңдеу және маркетинг" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасаған "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Компанияның еншілес "ҚазМұнайГаз өнімдері" компаниясы Қазақстанға қазан айында 106.7 мың тонна АИ-92 маркалы бензин жеткізуге келісім жасасқан. Бұл 106.7 мың тоннаның 87.2 мың тоннасы Ресейден әкелінеді.

Компания қазір тәулігіне Ресейдің мұнай өңдеу зауыттары мен басқа да елдерден 2.8-3 мың тонна АИ-92 маркалы бензин келетінін айтады.

"ҚазМұнайГаз" компаниясының жанармай құю станциялары Қазақстан нарығында тұтынылатын бензиннің 18 пайызын, дизельді отынның 17 пайызын сатады.

Қазақстанда биыл жаздан бастап әуелі халық көп тұтынатын АИ-92 маркалы бензин, кейін біртіндеп АИ-95 маркалы бензин тапшылығы байқала бастаған.

Қазақстан мен Ресейдегі мұнай өнімдері нарығын бақылап отырған кейбір халықаралық сарапшылар биылғы бензин тапшылығына Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының технологиялық модернизациядан өтпеуі себеп болған деп санайды. Сарапшылар тапшылықтың тағы бір себебін Қазақстандағы ішкі сұраныстың 40 пайызын қамтып келген ресейлік мұнай өнімдерінің биыл бұрынғы көлемде жеткізілмей қалғанынан көреді.