Бүгін Астанада жері "мемлекет мұқтаждығына қажет" деп танылған бұрынғы саяжай тұрғындары Зүлфия Зайруллина мен Елена Акчурованың үйлері сүрілді.
Сот орындаушылары Зүлфия Зайруллинаның үйін таңғы сағат 10-да сүруі тиіс болатын. Олар белгіленген уақытта Зайруллинаның үйіне келіп, мүліктерін сыртқа шығарды. Бірақ үйді бұзу үшін сол жердегі құрылыс маңынан жалдап әкелген үш трактордың жүргізушілері үй иесінің рұқсатынсыз ештеңені де бұзбайтынын айтып кетіп қалды.
Сот орындаушылары түстен кейін бір тракторды алып келді. Ол тракторист өзін сағатына 8 мың теңгеге жалдағанын, "сот орындаушыларының құжаттары дұрыс болса, үйді бұзуға дайын екенін" айтты. Зүлфия Зайруллина "баспанасын заңсыз бұзып жатқаны жайында" шағымдану үшін бас прокуратураға кеткен кезде сот орындаушылары оның үйін қиратты.
Үйі сүрілуі тиіс тағы бір тұрғынның - Елена Акчурованың баспанасы да бүгін түстен кейін бұзылды.
Астанадағы бұрынғы саяжай аумағында тұрған үйлерін сүріп, жерлерінің «мемлекет қажетіне» алынуына қарсы тұрғындар баспаналары үшін жергілікті билік бермек болған 5 миллион теңге көлеміндегі өтемақыға разы емес. Тұрғындар бұған дейін бірнеше рет наразылық акцияларын өткізген. Олар "енді шетелдік ұйымдарға жүгінетіндерін" айтады. Ал қалалық әкімдік үйлерді сүруді заңды деп санайды.