Эболаға қарсы вакциналар сынақтан өткізілмек

Либериядағы Эбола вирусымен күрес шаралары. 13 қазан 2014 жыл.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДСҰ) алдағы айларда адам өмірі үшін аса қауіпті Эбола вирусының алдын-алу үшін жасалған бірнеше вакцинаны сынақтан өткізе бастайтынын хабарлады.

ДСҰ өкілі Мари Поль Кинидің айтуынша, келесі жылдың қаңтар айында вирус кең таралған Батыс Африка елдерінде вакцинаның екі түрі қолданыла бастамақ. Тағы үш түрі 2015 жылдың басында вирус тараған елдерден тыс аймақтарда қауіпсіздік мақсатында сынақтан өткізілетін болады.

Мари Поль Кини ДСҰ бұған қоса Ресейде жасалып жатқан Эболаға қарсы вакцина туралы білгісі келетінін де жеткізді.

Жаңа вакциналардың вирусқа қарсы төтеп берері, я қауқарсыз екені әзірше белгісіз. Тіпті вакциналар вирусқа қарсы тұра алған күннің өзінде олар Гвинея, Сьерра-Леоне, Либерияда осы кезге шейін төрт жарым мыңнан аса адамның өмірін қиған қазіргі эпидемиялық ахуалды бәсеңдетуге дер кезінде дайын болмауы мүмкін дейді мамандар.