Қазақстандық кәсіби боксшы Геннадий Головкиннің GGG брендімен таңбаланған тауарларды енді оның интернеттегі ресми сайты арқылы сатып алуға болады деп хабарлады Қазақпарат.
Головкиннің сайтындағы арнайы бөлімде GGG логотипі бар постерлер, жейделер, бас киімдермен бірге Қазақстан туы жанында түскен боксшының суреті басылған iPhone қалта телефонына арналған қаптамаларды да кезіктіруге болады.
Кәсіпқой боксқа ауысқалы 31 рет рингке шығып, бірде-бірінде жеңілмеген Геннадий Головкин 28 жекпе-жекте қарсыласын нокаутқа жіберген. Соңғы рет ол 18 қазанда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Карсон қаласында өткен кездесуде мексикалық Марко Антонио Рубионы екінші раундта нокаутқа түсіріп, WBO және IBO версиялары бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалған еді.