Әлемдік жарысқа баратын боксшы қыздар анықталды

Қазақстандық боксшы Саида Хасенова (көк киімде) рингте жекпе-жекте. Циньхуандао, Қытай, мамыр, 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан ұлттық құрамасының қатары анықталды.

Қазақстан бокс федерациясының сайтында жарияланған ақпаратқа сәйкес, әлем біріншілігіне Қазақстан атынан әлем вице-чемпионы Назым Қызайбай (48 келі), Мержен Ишангулиева (51 келі), Дина Жоламан (54 келі), Оксана Королева (57 келі), Гүлжайна Үбіниязова (60 келі), Зарина Цолоева (64 келі), Азия жеңімпазы Дариға Шәкімова (69 келі), Анастасия Рылина (75 келі), әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Юлдуз Маматкулова (81 келіге дейін) және Ләззат Күнгейбаева (+81 келі) баратыны белгілі болды.

Биыл Инчхонда өткен Азия ойындарында жүлдегер атанған Жайна Шекербекова мен Марина Вольнова бұл жолғы әлемдік жарысқа бармайды.

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты қарашаның 16-ы мен 24-і аралығында Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өтеді.