Интерфакс-Қазақстан «ақпаратына» орай тексеру жүріп жатыр

Көрнекі сурет.

«Интерфакс-Қазақстан» агенттігінде өткен аптада шыққан арандату бағытындағы ақпаратқа орай Қазақстан құқық қорғау органдары тексеріс жүргізіп жатыр. Бұл туралы агенттік хабарлады.

Агенттік Қазақстан сыртқы істер министрлігінің «Украинаға қарсылық нотасын жібергені» туралы жалған мақала агенттіктің сайтында хакерлік шабуылдың нәтижесінде пайда болғанын айтады.

«Интерфакс-Қазақстан» бұл ақпаратты таратқан жоқ. Бұл ақпарат агенттіктің «Новости дня» айдарында пайда болған. Қазіргі кезде құқық қорғау органдары мен «Интерфакс-Қазақстан» агенттігі хабарламаның сайтта қалай пайда болғанын анықтап жатыр» делінген мәліметте.

Өткен аптаның соңында «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің сайтында «Қазақстан Республикасы Украинаға қарсылық нотасын жолдады» атты хабарлама жарияланып, кейіннен сайт ашылмай қалған. Хабарламаны оқып үлгерген қолданушылар әлеуметтік желіде өздерінің қарсы пікірлерін жазып жатты.

Агенттік өкілдері дүйсенбі күні «бұл мәселе жайлы бар жаңалықтарды лентамыздан оқи аласыздар» деп, басқа сұрақтарға жауап берген жоқ.

Қазан айының аяғында бірқатар сайттарда (оның ішінде "Интерфакс-Қазақстан" да бар) "Ресейде іздеу салынған Украианадан келген Сүлеймен Зайланабидов есімді содырды Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы әуейжайында ұстағаны» жөнінде хабарлама жарияланып, кейіннен агенттік бұл ақпараттың да хакерлік шабуылдың нәтижесінде пайда болған деп хабарлаған еді. ҰҚК де ол ақпаратты жоққа шығарған.