Қазақстанда әскери және арнайы мақсаттағы қызметтерге арналған киімдер мен заттарды еркін сатуға шектеу қою көзделіп отыр. Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде сауда-саттық қызметін реттейтін заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын таныстырған ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев хабарлады.
Ол аталған шектеу «арнайы киімдерді пайдаланып жасалатын құқық бұзушылыққа тосқауыл қою үшін» енгізілетінін айтқан.
Мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму комитетінің мәліметінше, заң жобасында мемлекеттің сауда-саттық қызметін реттеу тәсілдері мен формаларын жүйелеу, электронды саудамен айналысатын кәсіпкерлердің қызметін жетілдіру, сыртқы сауданы реттеу туралы заңнамаларды Кеден Одағының келісімдеріне сәйкестендіру қарастырылған.
Мәжіліс депутаттары ұсынылған заң жобасын алғашқы оқылымда мақұлдады.