Грузия сыртқы істер министрі Майя Панджикидзе бүгін қызметінен кететінін және басқарушы «Грузия арманы» коалициясы мен Демократиялық Грузия партиясы қатарынан шығатынын мәлімдеді. Партияны бұрынғы премьер-министр, миллиардер Бидзина Иванишвили құрып, қазір премьер-министр Ираклий Гарибашвили басқарады.
Кеше қорғаныс министрі Ираклий Аласания қызметінен босатылған еді. Грузияда әскери шенеуніктердің үстінен жүріп жатқан тергеуді «Грузияның еуро-атлантикалық бағытты таңдауына жасалған шабуыл» деген сөзінен кейін Аласанияны Гарибашвили қызметтен алған. Бұдан кейін еуропалық және еуро-атлантикалық интеграциялар жөніндегі мемлекеттік министр Алекси Петриашвили де отставкаға кеткен.
Бүгін Панджикидземен бірге оның төрт орынбасары – Давит Залкалиани, Тамар Беручашвили, Давит Джалагания мен Владимир Гургенидзе де отставкаға кетті.