Бостон марафоны кезіндегі жарылысқа қатысты айыптар тағылған қазақстандық студенттер Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа үкім шығаруды сот кейінге қалдырды деп хабарлайды Boston Globe басылымы.
Судья Дуглас Вудлок АҚШ Жоғарғы соты «заңсыз балық аулағанын дәлелдейтін айғақты қасақана жойған» деген айып тағылған Джон Ейтс есімді балықшының ісі бойынша түпкілікті шешім шығарғанға дейін Қадырбаев пен Тәжаяқов ісінде үзіліс жариялауды ұйғарған. Ейтстің адвокаттары АҚШ заңы бойынша, "қаржы құжаттарын немесе компьютерде жазылған деректерді қасақана жою" іс-әрекеті тергеуге кедергі келтіру қылмысы болып саналатынын, ал балықшы ондай құжаттарды жоймағанын алға тартады.
Қадырбаев пен Тәжаяқовтың адвокаттары қазақстандық студенттер де ешқандай құжаттар немесе электронды деректер жоймаған, оларға тағылған айыптар да Ейтстің ісіндегімен ұқсас деп отыр деп жазады басылым.
АҚШ тергеу орындары Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа 2013 жылы сәуірде Бостон қаласындағы дәстүрлі марафон кезінде болған жарылысқа басты күдікті Джохар Царнаевтың пиротехника салынған рюкзагы мен ноутбугін оның жатақханадағы бөлмесінен жарылыстан кейін алып шығып, қылмысқа айғақ заттардан құтылған деген айып таққан.
Тамызда Диас Қадырбаев өз айыбын мойындап, тергеушілермен келісімге келген еді. Прокуратура өкілі осылайша оған жеті жылдан аспайтын мерзімге жаза қолдануға болатынын айтқан. Шілденің 21-і күні Бостон қаласының өлкелік сотындағы сот алқасы Азамат Тәжаяқовты терактіні тексеруге кедергі келтірді деп таныған. Екеуіне де сот үкімі әлі шыққан жоқ.
2013 жылы сәуірде Бостон марафоны кезінде бірінен кейін бірі болған екі жарылыс салдарынан үш адам қаза тауып, 260-тай адам жараланған.
Джохар Царнаев айыпты деп танылса, өлім жазасына кесілуі мүмкін.