Таразда полиция журналисті шамалы уақыт ұстап босатқан

Тараз қаласына кіреберістегі жазу. (Көрнекі сурет)

Қазақстандық журналист Ғазиза Байтуова жексенбіге қараған түні Тараз қаласындағы вокзалда өзін полиция ұстағанын хабарлады. Журналист өзінің жеке құжатын тексерген полицейлермен арада дау туған соң Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің кезекші бөлімі мен ішкі қауіпсіздік қызметіне телефон шалғанын айтады.

Ол полицейлер өзін психиатриялық ауруханаға апару үшін медициналық жедел жәрдем көлігіне күштеп отырғызбақ болғанын айтады. Бірақ, сол сәтте бірнеше белсендінің, солардың арасында Алматыдағы «Журналистер қауіп-қатерде» ұйымының жетекшісі Розлана Таукинаның да телефон шалуы полицейлерді райынан қайтарды дейді Байтуова. Таукина өткен түні Ғазиза Байтуовамен телефон арқылы сөйлескенде, журналист өзін психиатриялық ауруханаға мәжбүрлі түрде апарғалы жатқанын жеткізгенін Азаттыққа растады.

Тараз желілік ішкі істер бөлімінде түнгі кезекші болған Қайрат Иманәлиев полиция «Ғазиза Байтуованың өрескел іс-әрекетінен соң жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болғанын» айтты. Одан кейін Азаттыққа осы бөлімнің тағы бір кезекшісі Бақытжан Абылаев «вокзалда Байтуованы ешкім ұстаған жоқ» деді. Ол журналистің вокзал ғимаратынан тек жексенбі күні таңертең түсініктеме жазған соң шығып кеткенін растады.

Бірақ, Ғазиза Байтуованың өзіне қатысты «полицияның заңсыз іс-әрекеті» жайлы телефонмен айтқан арызы тіркеу кітабына алынғанымен, ары қарай қаралмайды деді Бақытжан Абылаев. Оның сөзінше, «журналистің жазған түсініктемесі мен шынайы жағдайдан полицияның іс-әрекетінен заңға қарсы жайт байқалмаған».

Бірнеше басылымға, солардың арасында IWPR (Соғыс және бейбітшілік мәселелерін жариялау институты) сайтына да мақала жазатын Ғазиза Байтуованы биыл тамыз айында Таразда полиция ұстаған болатын. Жамбыл облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ол жолы журналистің «қоғамдық орындағы бұзақылық іс-әрекеті үшін ұсталғанын» айтқан еді.

Ғазиза Байтуова бұл айыптарды жоққа шығарып, өзінің ұсталуын кәсіби қызметімен байланыстырады.