АҚШ-та Эбола жұқтырған үшінші науқас сауықты

АҚШ-тағы Эболамен күреске дайындық шаралары, Колорадо штаты. (Көрнекі сурет)

Нью-Йорк қаласының денсаулық сақтау мекемелері аса қауіпті Эбола вирусын жұқтырған дәрігердің дертінен айыққанын және қарашаның 11-і күні ауруханадан шығатынын хабарлады.

Қазанның 23-і күні АҚШ азаматы 33 жастағы дәрігер Крейг Спенсердің вирусты жұқтырғаны анықталған еді. Ол содан бір күн бұрын«Шекарасыз дәрігерлер» ұйымы құрамында Гвинеяда Эболамен ауырғандарды емдеу шарасынан АҚШ-қа қайтып оралған. Бұдан соң науқас Манхэттендегі Бельвю ауруханасындағы оқшауланған бөлімге жатқызылған.

Өткен аптада оның денсаулық жағдайы тұрақталып, жақсара бастаған.

Тамыз айында Либерияда Эбола жұқтырып, АҚШ-қа эвакуацияланған америкалық медбике Нэнси Райтбол мен дәрігер Кевин Брэнтли Джорджия штатының ауруханасында емделіп, ауруынан айығып шыққан еді.