"Рысқалиев тобы": 3 әйелдің үкімі кейінге қалды

"Бергей Рысқалиев тобының" ісі бойынша сот отырысы. Атырау, 14 қараша 2014 жыл.

Атырау облысының бұрынғы әкімі Бергей Рысқалиев құрды делінген "қылмыстық топ" ісі бойынша айыпталушы 22 адамның ішіндегі 6 әйелдің үшеуінің сот үкімі кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар болғандықтан 5-14 жылдан кейін орындалатын болды.

«Снабойлстрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (ЖШС) бұрынғы бас бухгалтері Кенжегүл Сисенованың жас баласы барлығы ескеріліп, оған тағайындалған сот үкімі 14 жылдан соң орындалады.

«АНиТА Консалтинг» ЖШС бұрынғы бас директоры Татьяна Шарыпкинаға қатысты қозғалған қылмыс мерзiмі ескірді деп саналып, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Гүлмира Әзбергенова "айыбы дәлелденбегендіктен" бостандыққа шықты. Айыпталған тағы бір әйел мен ер шартты мерзімге сотталды.

Атырау облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты бүгін бұл іс бойынша Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарлары мен бірнеше бұрынғы лауазымды тұлғаларды 3 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге соттаған.

Сотқа 2 мемлекеттік айыптаушы, 24 қорғаушы қатысты. Сотта қосымша 5 сараптама тағайындалып, 438 куәдан жауап алынды. Сотқа түскен кезде қылмыстық істің көлемі 777 том болған, сот мәжілісінің хаттамасы 200 томды құрады, сот үкімі 10 томнан (150 парақтан) асады.