Нидерланд үкіметі арнайы бригада Украинаның шығысындағы ресейшіл сепаратистер бақылауындағы аймақта малайзиялық жолаушылар ұшағының сынықтарын жинау жұмыстарына кіріскенін хабарлады. Бұл жұмыстардың атқарылу барысын Нидерланд тергеушілері мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы бақылаушылары қадағалайды. Барлық жұмыстар он күн ішінде аяқталады деп жоспарланған.
Бортында 298 адамы бар малайзиялық Boeing 777 жолаушылар ұшағы шілденің 17-і күні Украинаның шығысына құлап, ұшақта болғандардың барлығы қаза тапқан еді. Ұшақ апатының себебін тексеру жұмыстары украиналық әскери күштер мен ресейшіл сепаратистер арасындағы ұрыстар салдарынан бірнеше рет бөгелген.
Арнайы бригада іздеу барысында табылған ұшақ сынықтарын бір жерге жинастырып, сосын Харьков арқылы Нидерланд еліне жеткізбек.
Амстердамнан Куала-Лумпур қаласына ұшып бара жатқанда Украинаның шығысына құлаған ұшақта отырған жолаушылардың көпшілігі Нидерланд азаматтары еді.