Ұлыбританияның Daily Mail басылымы қарашаның 22- сі күні "Ислам мемлекеті" ультра-радикал діни ұйымы әлеуметтік желілерде таратты" деп сипатталған қазақша сөйлейтін кәмелетке толмаған жас балалар түскен видео жариялады.
Содырлардың "Әл-Хаят" атты медиа орталығы даярлаған сапалы видеоға түскен адамдар арабша және қазақша сөйлейді. Үш қатар субтитрлердің бірі ағылшын тілінде жазылған. Басылымның сипаттауынша, бейнематериалдың толық нұсқасының басында "хижра жасап, Аллаға оралған қазақстандық бауырлар" деп сипатталатын бір топ адам көрсетіледі.
Ал үзінді видеода өзі сияқты әскери форма киген балалардың алдында шамамен бастауыш сынып жасындағы ұл Калашников автоматын жылдам құрастырып, нысана көздейді. Тағы бір бастауыш мектеп жасындағы аты-жөнін айтпаған ұл бала "әскери лагерьде дайындалып жатқандарын" айтады.
Бұл видеоматериалдың қашан және қайда түсірілгенін анқтау әзірше мүмкін болмады. Азаттық бұған қатысты билік органдарынан ресми комментарий алуға тырысып жатыр.
Былтырғы қазан айында "Сирияға жиһад қылу үшін қоныс аударған 150 қазақ отбасы" туралы видео тараған еді. Бұдан кейін қазақстандықтардың Сирия мен Ирактағы радикал исламшыл қарулы топтардың сапында ұрысқа қатысып жатқанын растайтын және бірнеше видео интернетте дүркін-дүркін жарияланған. Осы аптаның басында ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы қатарына қосылған қазақстандықтар саны 300-ден асқанын хабарлаған.