АҚШ сенаторлары өзбек саяси тұтқындарын босатуға шақырды

АҚШ сенаторлары Өзбекстан президенті Ислам Каримовтен босатуды сұраған саяси тұтқындардың бірі, қамаудағы журналист Дилмурод Саидов.

АҚШ сенаторлары Өзбекстан президенті Ислам Каримовты «саяси мақсатпен тұтқындалды» деп танылған бес адамды түрмеден босатуға шақырды.

Қарашаның 24-і күні жолдаған хатында демократ сенаторлар Дик Дурбин, Барбара Боксер, Боб Кейси, Роберт Менендес, Патрик Лихи, Ричард Блюменталь және Бенджамин Кардин мен республикашыл сенатор Марк Крик АҚШ пен Өзбекстанның Ауғанстан мәселелері бойынша ынтымақтастығына көңілдері толатынын айтқан. Бірақ олар бес өзбек құқық қорғаушылары мен журналистері – Акзам Тургунов, Дилмурод Саидов, Салиджон Абдурахманов, Мухаммад Бекжанов пен Бобомурод Раззоковтың әлі де қамауда отырғаны «екі ел арасындағы ынтымақтастықтың ары қарайғы нығаюына кедергі келтіретінін» ескерткен.

АҚШ сенаторлары аталған бес белсендіні халықаралық ұйымдар «ар-ұждан тұтқыны» деп танығанын және кейбір ақпараттар бойынша, тұтқындар ұзақ жылдар түрмеде отырғандықтан денсаулықтары нашарлап, медициналық көмекке зәру екендерін айтқан.

Америкалық сенаторлар Ислам Каримовты бес тұтқынды «адамгершілік тұрғысында» дереу босатуға шақырған. Олар Өзбекстан президентінің мұндай әрекеті «екі ел қарым-қатынасының ары қарайғы дамуына ықпал ететінін» жеткізген.