Көкжайлауды қорғау акциясы

Алма-Арасан шатқалындағы экологиялық бекеттен кейін жол бірден солға бұрылады. Жол жиегін жағалай сәнді үйлер салынған, бірер шақырымнан кейін шлагбаум орнатылған. Әрі қарай Көкжайлау шатқалына апаратын жол басталады. Мына суретте жолдың басы, Тянь-Шань шыршалары мен қайыңдар бейнеленген. Мына жол "Көкжайлау" тау шаңғысы курорты құрылысы басталып кеткен жерге тіреледі.

Жуырда ағаш діңдерінде кертік белгілер пайда болған. Тіпті кейбірінен мөр сияқты таңбаны байқауға болады. Тау шаңғысы курортын салуға қарсы белсенділердің ақпаратынша, бұл белгілерді Іле Алатауы ұлттық табиғи бағы қызметкерлері кесілуі тиіс ағаштарға салған.

Мұндай таңбалар ондаған ағашқа салынған. Шатқалды қорғаушылардың айтуынша, 27 гектар жердің ағашы, яғни бір мыңдай шырша мен 320 алма ағашы оталмақ. Ал орнына «бұдан көп көшет отырғызамыз» деп уәде берген. 

Ағаштарды отауға үзілді-кесілді қарсы жандар желтоқсанның 1-і күні «Көкжайлау флорасы мен фаунасы тұңғыш президент күнін мерекелейді» атты перфоманс-акциясын өткізді. Таңғы аязда қорыққа 30 шақты белсенді жиналды.

Енді мына ағаштардан кертік таңбалар ғана емес, Қазақстанның бірінші президентіне деген сүйіспеншілік сөздерді де оқуға болады.

Белсенділердің айтуынша, тұмар сияқты бұл жазулар ағаштарды зиянкестерден қорғау үшін пайдаланылатын экологиялық зиянсыз бояумен жасалған.

Салтанат есімді бойжеткен «Мен Елбасын сүйемін» деп жазып тұр.

Көп ұзамай мұндай жазулар белгі салынған өзге ағаштарда да пайда болды. Біреу ағаштардың атынан «Өмір!», «Өмір сүргіміз келеді!», «Өлтірме!», «Жақсы көр!» деген жолдау қалдырған.
 

Айгүл есімді бойжеткен мына алып шыршаның қанша ғұмыр жасағанын білгісі келеді. Бұл шырша Абай немесе Құрманғазының құрдасы болуы әбден мүмкін.

Перфоманс-акцияға қатысушылар ағаштарға жазу жазып жатқанда, ауада лас түтіннен із қалдырып микроавтобус тау беткейіне қарай өтті.  «Экологиялық стандарттарды бұзып бара жатыр» деген белсенді қыздардың бірі микроавтобустың жолын бөгеді. Сәл абыржып қалған жолаушылар «рұқсат қағазымыз жоқ еді» деді.

Микроавтобус болашақ тау шаңғысы курорты нысандарының бірі - қосалқы станция салынып жатқан жерге бара жатқан сияқты. Жазда мұнда қазылған шұңқыр түбінде наразылық акциясы өткен. Ол жердің қазіргі көрінісі осындай.

Акцияға қатысушылар қалаға екі топқа бөлініп қайтты. Кешке жақын Facebook желісінде «Тауда бір адам жүр. Ол белсенділердің ағаштарда қалдырған жазбаларының астарында саяси қастандық бар-жоғын тексеріп жүрген болуы мүмкін» деген хабар пайда болды.

Көкжайлау шатқалында перфоманс-акция өткізген белсенділер халық жүретін жол бойында биік дуалдар мен жекежайлар, гольф алаңдары салынбайды, ал тау серуенін жақсы көретін жандардың сүйікті орындарының бірі ғимараттар салынған қалалық ландшафтқа айналмайды деп үміттенеді.