Еуропа Исмаилованың қамалуына алаңдады

Әзербайжандық журналист Хадиджа Исмаилова.

Еуропа Одағы (ЕО) мен Еуропа кеңесінің жоғары шенді өкілдері Әзербайжан билігінің журналист Хадиджа Исмаилованы қамауына байланысты алаңдаушылық білдірді.

ЕО сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини журналис Хадиджа Исмаилованың қамалуын "кез-келген демократиялық мемлекеттің негізі саналатын сөз бостандығына қарсы қадам" деп атады. Еуропа кеңесінің бас хатшысы Торбьорн Ягланд Исмаилованың қамауға алынуына ешқандай негіз жоқ деді. Ягланд биліктің әрекетін "Әзербайжандағы азаматтық қоғам мен халықаралық қауымдастыққа теріс ишара білдіреді" деп бағалады.

Желтоқсанның 5-інде Бакуде Азаттықтың Әзербайжан қызметімен ынтымақтасып жұмыс істейтін Хадиджа Исмаилованы екі ай мерзімге қамауға ордер берген. Журналиске "ер кісіні өз-өзіне қол жұмсауға итермеледі" деген айып тағылған.

Еуропа кеңесінің адам құқықтары жөніндегі комиссары Нильс Муижникс Facebook-тегі парақшасында Исмаилованың ісін "қылмыстық кодексті билікті сынайтын азаматтарға қатысты қолданудың кезекті көрінісі" деп атады.

Еуропа кеңесінің өкілдері Бакуді Исмаилованы және қамауда отырған барлық журналистер мен белсенділерді дереу босатуға шақырды.