Грозныйда құқық қорғаушылардың "Азаптауға қарсы комитет" мобильді тобының кеңсесін өртеп кетті. Бұл ұйымды Игорь Каляпин басқарады.
Құқық қорғаушылар тобының екі қызметкерін 13 желтоқсан күні беттерін тұмшалаған бес қарулы адам көлікпен аңдып жүрген.
Азаттықтың Орыс қызметіне мобильді топтың өкілі Сергей Бабинец "13 желтоқсан күні кеңсе камерасына үш ер адам түсіп қалған, олардың біреуі тапанша ұстап жүр. Кеңсеге кірмекші болған" деді. Бұдан соң Бабинец пен оның әріптесі Дмитрий Димитриев кеңсеге бармау туралы шешім қабылдап, "Грозный-сити" қонақүйіне тығылған. Олардың қасында "Әл-Жазира" телеарнасының бірнеше тілшісі болған.
Бабинец бүгін құқық қорғау органдарына "кеңсеге кіруге тырысу оқиғасы мен өздерін аңдығандар үстінен" арыз түсірмек.
Сенбіде Шешенстан астанасы Грозный қаласында 4 желтоқсан күні қаза тапқан арнайы жасақ өкілдерінің аналарын қолдау митингісі өткен еді. Ол күні бір топ қарулы адам Грозныйдағы Баспа үйіне бекініп алып, арнайы жасақпен атысқан. Арнайы операция кезінде 14 полицей, 11 содыр қаза тапты.
Митинг Шешенстан президенті Рамзан Қадыровты халықтың қолдап отырғанын көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Жиында құқық қорғаушылар мен азаматтық белсенділерге қарсы сөздер де айтылған.
Ақпараттар бойынша, Шешенстан полициясы 4 желтоқсан күні полициямен атысқан содырлардың туысы деген адамдардың үйлерін өртеп, өздерін елден шығаруға кіріскен.