Австрияда тұтқындалған, "Нұрбанк" ісіне қатысты күдіктілерді бұлтартпау шарасына қатысты тағы бір сот өтеді. "Нұрбанк ісі" бойынша ұсталған Рахат Әлиевке қатысты бұлтартпау шарасын белгілейтін сот отырысы желтоқсанның 29-ына белгіленді. Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякқа қатысты бұлтартпау шарасын тағайындайтын сот 2015 жылғы ақпанның 2-сіне белгіленді.
Вена сотының баспасөз хатшысы Кристина Зальсборнның Азаттыққа хабарлауынша, үш күдіктіге қатысты тергеу әлі жалғасып жатыр, ал айыптау қорытындысы таяу уақытта шықпақ.
Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаеваның бұрынғы күйеуі әрі Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиев биылғы жылдың маусым айынан бері Венада қамауда отыр. Сот қазан айының соңында оны қамау мерзімін екі айға ұзартқан.
Қазақстан билігі Рахат Әлиев, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев және Әлиевтің көмекшісі Вадим Кошлякті 2007 жылы "Нұрбанктің" екі топ-менеджері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы бар деп айыптайды. Бұрынғы қайын атасы Нұрсұлтан Назарбаевты сынайтын Рахат Әлиев өзіне қарсы айыпты "қолдан жасалған" дейді.
Бұған дейін Рахат Әлиевті Қазақстанға беруден бас тартып келген Австрия жеке өзі тергеу жұмыстарын бастаған. Тергеу аясында Әлиевтен өзге саяси эмигранттар Мұсаев пен Кошляк та тұтқындалған.