Азаттықтың Баку бюросы тілшілеріне қысым күшейді

Azerbaijani investigators raid the offices of RFE/Rl's Baku bureau

Азаттықтың Бакудегі бюросының (Азадлыг радиосы - ред.) тілшілеріне қарсы күш қолданылып, қоқан-лоқы жасалды. Бұлай деп тілшілердің адвокаттары мәлімдеді.

Сенбі, 27 желтоқсан күні корпорация басшылығы Әзербайжан билігін бюро тілшілерінің пәтерлеріне полиция жіберіп, оларды прокуратураға жауапқа шақырғаны үшін айыптап, мәлімдеме жасады.

Азаттық радиосының басшыларының бірі Ненад Пеич "Әзербайжан билігі радио қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерін қорқытып отыр" деп мәлімдеді.

Журналистер тергеу кезінде қастарында адвокат болуын талап етіп отыр. Оларға "өз еріктерімен келмесеңдер, прокуратураға күшпен апарамыз" деген ескерту жасалған.

Бюроның төрт қызметкерін прокуратура жексенбіге, яғни 28 желтоқсанға шақырған, қалған сегіз тілші дүйсенбіде тергеледі.

26 желтоқсан күні Әзербайжан бас прокуратурасы Азадлыг радиосының редакциясына тінту жасаған еді. Тінтуден кейін олар бюроны жауып, есігін мөрлеп кеткен.

Полиция редакцияның құжаттарын, компьютерлері мен басқа жабдықтарын тәркілеген. Бас прокуратура өкілдері Азадлыг радиосының шетелден қаржыландырылатын ұйым ретінде тексеріліп жатқанын айтқан.

АҚШ пен халықаралық ұйымдар Азаттықтың Бакудегі бюросына (Азадлыг радиосы) жасалған полиция тінтуін айыптап, мәлімдемелерін таратты.