Өзбекстан Қырғызстан оңтүстігіне қайтадан газ берді

Көрнекі сурет.

Қырғызстандық ақпарат құралдары Өзбекстан сегіз айлық үзілістен соң Қырғызстан оңтүстігіндегі Ош облысына қайтадан газ бере бастағанын хабарлады.

"Газпром Қырғызстан" компаниясының Оштағы филиалы басшысының орынбасары Тахир Алимовтың айтуынша, Өзбекстан Ош облысына газды желтоқсанның 30-ынан жібере бастаған. Өзбекстанның Қырғызстанға газды қайта жібере бастауына не себеп болғаны белгісіз.

Өзбекстан Ош облысына газ жіберуді сәуірдің 14-і күні, Қырғызстанмен газ келісімінің күші біткен соң тоқтатқан. Бұл Қырғызстан билігі мемлекеттік «Қырғызгаз» компаниясын ресейлік «Газпром» компаниясына символдық түрде 1 АҚШ долларына сатуымен тұспа-тұс келген. «Газпром» мұның есесіне Қырғызстанның газ инфрақұрылымын күрделі жөндеуден өткізуге уәде берген.

Қырғыз билігі содан бері Ташкентті елдің оңтүстігіне газ тасымалдау туралы келіссөзді жандандыруға "құлықсыздық танытты" деп айыптап келген.