Бірнеше ел Париждегі шабуылды айыптады

АҚШ президенті Барак Обама Ақ үйде Париждегі Charlie Hebdo журналына жасалған шабуылды айыптап сөйлеп тұр. Вашингтон, 7 қаңтар 2014 жыл.

Бірнеше елдің басшылары, баспасөз құқығын қорғау ұйымдары мен журналистер Парижде Charlie Hebdo сатиралық журналына жасалған шабуылды "тағылық" террорлық әрекет деп айыптап, оны "сөз бостандығына қастандық жасау" деп бағалады.

Қаңтардың 7-сі күні Париждегі Charlie Hebdo сатира журналының кеңсесіне қарулы адамдар шабуыл жасап, 12 адам қаза тауып, 20-дан астам адам жараланған еді. Құрбан болғандардың қатарында журналдың шеф редакторы Стефан Шарбонье және карикатурашылар Жан Кабу, Жорж Волынски және Бернар Верлак бар.

АҚШ президенті Барак Обама қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, "Франция халқына қолдау" білдірді. Обама АҚШ-тың Францияға "террористерді табуға көмектесуге әзір" екенін жеткізді. Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Германия канцлері Ангела Меркель де өз елдерінің "Франциямен бірге терроризмнің кез-келген түрімен күресті жалғастыра беретінін" айтты.

Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер, НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг те журналға шабуылды "адамшылыққа жат" әрекет деп бағалады.

Журналистерді қорғау комитетінің директоры Джоэл Саймон шабуылды "журналистерге қарсы жасалған ең жауыздық әрекет" деп атады. Саймон "Charlie Hebdo журналына жасалған шабуыл журналистер мен сөз бостандығына қауіп-қатердің ғаламдық сипат алғанын көрсетеді" деді.